Халқымыздың рухани өміріндегі асыл мұраның бірі - ән өнері, әншілік дәстүрі. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» - деген өлең жолдары қазақ өнерінің бар болмысын айқын көрсетеді.

maxresdefault_0.jpg

Сондай өнер десе ішкен асын жерге қоятын әнші, термеші, 13 республикалық конкурстың лауреаты, 3 халықаралық конкурстың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалі және де Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр қыз» атты төс белгісі иегері Қазақстан Республикасынан қонақ болып келген Наркенже Серікбаева өзінің «Ауылға сағыныш» атты жеке ән кешін ауданымыз төрінде өткізді.

«Үшқұдық» мәдениет үйінің сахнасына өзіндік сән беріп, тамылжыған даусымен тәнті еткен талантты тұлға Наркенже Серікбаеваның ән кеші көрермен көңіліне жылы шуақ ұялатты. Салтанатты шараға аяулы әнші қызын ардақтай келген дүйім жұрт жиналды. Олар ән әлемінің майталманына айналған Наркенже апамыздың әсем ән-әуендерімен сусындап, кеш иесінің мерейін үстем етті. Әсіресе сырдария өңірі тумасы баяншы Мырзагелді Әріпжан ағамыздың сүйемелдеуімен орындалған ән өнер сүйер қауымға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Әнші апамызбен сұхбат барысында музыкалық өнерге деген ыстық ықыласы мен риясыз сүйіспеншілік тұла бойынан жаңғырып тұрғандай болды.

- Негізі мен Өзбекстан тумасымын. 1983 жылы Бұхара облысында дүниеге келгенмін. Руым – Сырым, 11 жасымда Қазақстан Республикасына қоныс аударып, қазіргі күнде Алматы қаласында тұрамын. Бүгінгі міне туған жерімде ән кешімді өткізіп жатқаныма өте қуаныштымын. Осы кешті ұйымдастыруда атсалысқан елдің елеулі азаматтары Ертай Батырашов, Қайрат Ахметов, сондай-ақ аудандық Ішкі істер басқармасына соның ішінде аудан әкімі орынбасары Марат Шамуратов ағайға ерекше алғысымды білдіремін, - дейді Наркенже Серікбаева.

Шараға Науаиы облысының басқа да аудан және ауылдарынан қонақтар келді. Кеште өнер иесін қолдап ауданымыз өнерпаздары Қайрат Ахметов, «Ақ қанат» тобы, Мағжан Сәдуақасов, Адина Сейітқұлова сынды және де ағайынды Вайс Вайсын жиналған қауымға өз әндерін тарту етті.

Мәдени шара Үшқұдық ауданы тұрғындарына ән мен саздан ерекше күй сыйлап, шабытқа шаттыққа бөлегендей. Жақсыны көрмекке келген ағайын сый-сияпат табыстап, әнші қыздарына аяулы сөздерін арнап, ізгі-тілектерін білдірді.

Мөлдір Бүркітбаева,

арнаулы тілші.

Суретте: Наркенже Серікбаева.

 

Add new comment