Дүниеде түрлі кәсіп түрлері бар. Әрбірінің өз бағыты, өзіне тартатын артықшылықтары, ерекшеліктері бар. Өз ортамызда өз кәсібінен бақыт тапқан жандар аз емес. Солардан бірі - құлқұдықтық майталман шаруагер Бақыт аға Нұрмаханов десек артық айтқан болмаспыз...

photo_2020-07-14_01-12-40.jpg

Құлқұдық халқының мейірімділігі мен кеңпейілділігіне, төзімділігіне таңданбау мүмкін емес. Бүгін біз сол құлқұдықтық абзал азаматтардың бірі, қарапайым, еңбекқор адаммен сұхбаттас болудың сәті түсті. Біздің кейіпкеріміз 43 жыл болды ата кәсіп-шопандық кәсіппен үздіксіз айналысып келеді. 60 жасты алқымдаса да ширақ, өз ісінің жетік те тәжірибелі маманы Бақыт аға осы сүйікті кәсібі арқасында 4 перзентін адал кәсібі арқасында кемел жасқа жеткізіп, бәрін де үйлі-жайлы, білімді етті. Ол сол балаларынан немерелер сүйген бақытты ата да. - Шопандық кәсіпті таңдауыма, иманы жолдасы болсын, марқұм әкем және өскен ортам себепші болды. Мектепті бітірген жылы, әкем: “Енді сен кемел жасқа жеттің, балам, жолымды жалға, маған көмекші бол”,-деді. - Шопандық кәсіппен жастайымнан айналысқаным себепті, малшылық кәсіп маған ешқандай қиындық тудырған жоқ. Әкемнің кеңестеріне құлақ асып, мен өзіме азды-көпті біраз тәжірибе жинақтадым. Қой бағудың өзіндік ерекшеліктері-артықшылықтары мен қиындықтары бар. Аптапты ыстықтар, ызғырық суықтарда да төзімді болу керек. Малшы кез-келген ауа-райы құбылыстарына әр кез дайын болу керек. Сонымен бірге, қатар қой-ешкілердің есеп-қысабын жаңылмай жүргізіп, алдындағы малдың әрбірінің жай-күйінен хабардар болуы тиіс... Бүгінгі таңда мен де, бабалар дәстүрін жалғастырып, ата мұра-шопандық таяғымды: «Балам, адалдық - адамгершіліктің ең маңызды қасиеттерінің бірі. Қиындықсыз табыс жоқ. Ертелі-кеш сол еткен адал еңбегіңнің жемісін жейсің. Адал маңдай термен тапқан ризық, несібе қадірлі болады, сені ертелі-кеш мол бақытқа кенелдіреді. Ал қыңырлықтың келешегі жоқ»,-деп, ақыл-кеңестерімді айтып, ұлым Жауқасқа тапсырдым. - Мен әкеме көп жылдан бері көмектесіп келемін, ал, бүгін ол отарды маған сеніп тапсырды. Сонымен бірге, мен «Әр отбасы кәсіпкер» Мемлекеттік бағ-дарламасы негізінде жеңілдетілген несие алып, алдымдағы малға 6 ана қой-ешкі малын қостым. Енді менің де жеке ісім, өз шаруам болады,-дейді Жауқас. Баласының өз жолын жалғастырғанына риза болған бақытты әке қолына домбырасын алды. Ол салған әсем әнге баласы Жауқас та дауысын қосып, әкелі-бала-екеуінің салған сазды әуендері біз жайлаудан алыстап кеткенге дейін құлағымызда тұрды. Қызылқұм бауырына алған бір отбасындағы саламатты орта, әкеден балаға мирас болып өткен кәсібін жанындай сүйген жас Жауқас көңілімізге қуаныш, сүйіспеншілік сыйлады.

Райхан Қадырова,

өз тілшімізден.

Add new comment