1827423.jpg

Қазақтың ұлттық ойындарының тәрбиелік мәні зор

Наурыз – көктем мерекесі, жыл басы. Ұлыстың ұлы күні – күн мен түн теңеліп, жер көкке жан бітіп, тоң жібитін сәт. Сондықтан қазақ халқы бұл мейрамда "Қыз қуу", "Көкпар", "Жамбы ату", "Аударыспақ", "Арқан тартыс", "Теңге ілу" сынды түрлі ойын ойнаған.

Сонымен қатар айлы түнде "Ақ сүйек" ойналып, "Алтыбақан" тебілген.

Ұлттық ойындар туралы не білеміз?

Алтыбақан – жастардың көңіл-көтеріп, сауық-сайран құруы үшін таптырмайтын ойын. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақанды құру үшін 3-4 метрлік 7 томар ағаш пен 3 арқан керек. Оған екі адам, әдетте, бозбала мен бойжеткен мініп, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербеледі. Тербелушілер ән бастайды да, оған жанындағы адамдар қосылады.

Қыз қуу – сақ дәуірінен келе жатқан ежелгі ойын. Ойын ережесі бойынша, бойжеткен атқа мініп жігіттен қашуы керек. Бозбала қызды қуып жетіп, бетінен сүюі тиіс. Жігіт қызға жете алмаса, бойжеткен оны қамшымен сабайды.

Аударыспақ. Мұнда жеңіске жету үшін ептілік, күш, тапқырлық, батылдық қажет. Екі жігіт атқа мініп, бірін-бірі аттан аударып тастауға бар күшін салады. Ойын жас жігіттің мінезі мен ерік-жігерін шыңдайды.

Көкпар – ұлттық ат ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Бұл жарысқа қатысу оңай емес. Өйткені салмағы 30–40 келі немесе 50–60 келі болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып, қазандығына салуы керек. Ал екінші жақ серкені тартып алуы шарт. Серкені қанжығаға байлауға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шықпыртуға, үркітуге тыйым салынады.

Көкпар жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түрі.

Арқан тартыс. Ойынға ұзындығы 10 метрдей кендір арқан керек. Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге белгі салынады. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстайды. Төреші белгі берген сәттен-ақ екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жердегі белгіге бірінші сүйреп әкелген топ жеңімпаз атанады.
Ақсүйек – қазақтың ұлттық ойыны. Жігіттер мен қыздар жиналып, айлы түнінде ашық далада ойнайды. Ойынға малдың ақсөңкелеп қураған жілігі немесе қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша пайдаланылады. Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Ойынды бастау жеребе тастау арқылы анықталады. Кейін ойын бастаушы ақсүйекті бар пәрменімен алысқа лақтырады. Жастар таяқты іздеуге кіріседі. Оны тапқан ойыншы өз серіктеріне дыбыс беріп, сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Серіктері оның тосқауылға тап болмауына көмектеседі. Қарсыластары қалайда ақсүйекті тартып алудың амалын жасап бағады. Ақсүйекті тартып алса, өздері де біріне-бірі қол жалғап, сөреге жетуге ұмтылады. Бұл тартыста ақсүйекті сөреге жеткізген топ жеңімпаз болып саналады. Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды.

Алмат ЖҮНІСОВ, 9-мектеп оқытушысы.

Add new comment