Мұғалімдік мамандығы – басқа саланың мамандықтарына қарағанда, ең күрделі, ең ізгі мамандықтардың бірі. Себебі басты міндет, әрі маңызды мәселе – еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпаққа терең білім мен сапалы тәрбие беру. Мектептің басты тұлғасы – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.
Бүгін тілге тиек еткелі отырған ұстаз Науаи облысы Үшқұдық ауданы орталығындағы №9 жалпы білім беретін орта мектепте қызмет етеді. Жастайынан алдына мақсат қойып,мұғалімдік кәсіпті таңдаған Жүнісов Алмат ағай қазіргі таңда қазақ тілі және әдебиеті пәнінің білікті маманы. Алмат ағай білім мен тәрбиені тығыз ұштастыра отырып, кәсіби қызметінде түрлі аудандық, облыстық форум, семинар, көрік-байқаулар, шығармашылықты шыңдайтын сайыс сынды түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Атап айтқанда, облыстық деңгейде өткен «Ашық сабақтар фестивалі», «Ең жақсы бейнесабақ» көрік-таңдауларының, ауданда ұйымдастырылған «Мен оқыған кітап», «Ең жақсы мерекелік шара жоспары» сондай-ақ оқытушылар арасындағы спорттық конкурстардың жеңімпазы атанды. Ұстаздың еңбегі, шәкіртінің жетістігінен көрінеді демекші,Алмат ағайдың шәкірттері қазақ тілі пәнінен Қазақстан Республикасында ұйымдастырылатын халықаралық олимпиадада,сонымен қатар пән олимпиадасының аудандық,облыстық басқыштарында жүлделі орындардан көрініп келеді. Қасқырбаева Ботагөз, Мұратова Айзат, Амангелдиева Жаннұр, Мұсаев Мақсат, Нұрымханова Жансая, Жалғасбаева Ұлбала, Нажмаддинова Камила, Жамаладинова Альбина, Пердебеков Нұрсұлтан сынды шәкірттері шығарма жазу, көркем сөз оқу және білім сайыстарында ұстазының еңбегін ақтап, жүзін жарық етіп келеді.
Жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығын жан-тәнімен сүйген, «Өзің үйрене жүріп, өзгені үйрет» деген ұстанымы бар Алмат ағайдың алдағы уақытта әлі де толағай табыстарға жете беретіндігіне сенімдіміз.
Add new comment