Тәуелсіз еліміздің болашағы – мектеп. Ол оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие берумен қатар болашаққа жөн сілтер киелі орын десек қателеспейміз. Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысында, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», - деген екен.

IMG_0099.JPG

Иә, тәрбие балаға өмір бойы азық. Ал, оған дұрыс та жүйелі тәрбие беретін екінші ана – ұстаз. Ұрпақ тәрбиесі секілді ұлы міндет жүктелген мектептегі мерейлі істердің барлығы мұғалімдердің арқасы.

Ұстаз ұлағаттылықтың көзін ашар, жылылық нәрін себер жан. Мектептің жүрегі де, тірегі де ұстаз. Күн сайын жүздеген шәкірттердің жүрегіне жол тауып, ізгілік нәрін себуге ұмтылатын жылы жүзді жайдары жан.

Мұғалімдік қызметті, ұстаздық ұлағатты терең қадірлеген халқымыз білім мен тәрбие мәселесіне де ерекше ден қойғаны белгілі. Өйткені қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін адам баласы міндетті түрде мұғалім алдын көру тиіс. Ал, өркениеттілікке, жарқын, зайырлы қоғамға қол жеткізу үшін ақыл-есі бүтін кез-келген жас саналы тәрбие, сапалы білім алуы керек. Мұғалімнің қолында – адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады.

Мектептің абыройын асқақтатып, жалпы бала тәрбиесіне, білім беру ісіне асқан құлшыныспен кірісіп, үнемі еңбектеніп жүретін ұстаздарымыз аман болсын! Әр ісі үлгі, ұлағатты ұстаздарға – мың тағзым етсең де артық емес-ау сірә!

Құрметті де қадірлі ұстаздар қауымы! Сіздерді 1-қазан ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтап, әрдайым еңбектеріңіз жанып, осы бір ұрпақ алдындағы ауыр міндеттеріңізді ылғи да жемісін көре беріңіздер дегім келеді.

Шаригул ШАДАНБАЕВА,

9-мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Add new comment