Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы биылғы жылдың 22-28 маусым аралығында "Отандастар қорының" қолдауымен шет елдердегі қазақ диаспорасы балаларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша "Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім" атты XVII Халықаралық олимпиадасын өт-кізген болатын. Олимпиада қазақ тілі мен әдебиетін терең білетін қазақ диаспорасы балаларының арасынан дарынды оқушыларды анықтауды, олардың ана тілі мен қазақ әдебиеті, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өнері жөніндегі танымдық қабілеттерін арттыруды, әлемнің әр елінде тұратын қазақ жастары арасында достық байланыстың орнауына ықпал етуді, сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгерудің маңыздылығын арттыруды көздейді.
Қатысушылардың саны бойынша биылғы олимпиада рекордтық көрсеткішке ие болды. Ең көп қатысушы Өзбекстан Республикасынан болса, ал Бельгия елінің оқушылары тұңғыш рет қатысты.⠀ XVII Халықаралық олимпиада әлемнің әртүрлі елдерінен 146 қатысушыларды жинап (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Иран, Түркия және Бельгиядан) рекордтық көрсеткішпен ерекшеленді. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет қашықтықтан өткізілді. Халықаралық олимпиадаға Өзбекстан Республикасынан жалпы 103-ке жуық оқушы қатысты.
Аталмыш олимпиадаға Науаи облысынан 74 оқушы қатысып, соның арасынан 48 қатысушы яғни Гран-при жеңімпазы, I, II, III дәрежелі орын, түрлі номинациялар мен грамоталар иегері атанды. Сондай-ақ, Үшқұдық ауданынан 9 оқушы 1-2-3-орындарды иеледі, 1 оқушы дипломмен марапатталды. 1-орын иегері - Жаннұр Амангелдиева, 2-орын иегерлері - Камила Нажмаддинова, Мерейхан Адраймов, 3-орын иегерлері - Ұлбала Жалғасова, Жансая Нұ-рымханова, Дариға Жүзжасарова, Мақсат Мусаев, Арай Усманова, ал Ботакөз Нұрымханова грамотамен марапатталды. Науаилық жастардың олимпиадаға белсенді қатысуына атсалысқан аудандық «Кенимех таңы» газетінің редакторы Гүлдана Нарынбетова өз сұхбатында былай деді: “Төрт айдан бері арқалап жүрген аманатты аман-есен өз иелеріне тапсырдық. 48-ге жуық науаилық жас дарын иелері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Отандастар қоры», «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы жағынан берілген диплом мен сый-сияпатын алып, Науаи облысы әкімінің арнайы сыйлығы теледидарымен марапатталды. Жүлдегер және жеңімпаз оқушыларды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын жетістіктерімен құттықтаймыз!”. Облыс әкімі Кабул Турсуновқа Науаилық дарынды, білімге құштар, білгір, батыл жастарын қолдағаны үшін шексіз алғыс айтамыз!
Гүлзат СЕРІКБАЕВА,
9-мектеп оқытушысы.
Add new comment